Ұлттық нейрохирургия орталығына – 10 жыл

дүйсенбі,  9  Июль  2018

Ұлттық нейрохирургия орталығына – 10 жыл

    Ұлттық нейрохирургия орталығына – 10 жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен ашылған Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына биыл 10 жыл толып отыр. Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осы орталықтың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған Ха­лық­аралық нейрохирургиялық форумға қатысты.

     Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова көрнекті нейрохирург, Ресей ғылым ака­де­мия­сының академигі А.Пота­повтың 70 жасқа толуына орай жолдаған Қазақстан Пре­зи­дентінің құттықтау хатын оқып берді. Елбасы өз құттықтауында Ұлттық нейрохирургия ор­талығын құру ісіне А.Пота­повтың белсенді кәсіби көмек көрсеткенін атап өткен. «Сіздің белсенді көмек жасап, кәсіби кеңестер беруіңіз орталық жұмысының жолға қойылып, қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты», делінген құттықтауда. Мемлекет басшысы сондай-ақ А.Потаповтың еңбек жолы адамдар өмірін ажалдан арашалайтын, денсаулығына қорған болар құрметті мамандыққа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі екенін, осы жауапты жұмыста өзін әлемге беделді де білікті нейрохирург ретінде дәлелдеп, адамзатты алға жетелейтін көптеген ғылыми еңбектерді дүниеге әкелгенін айтқан. Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауына сәйкес, Қазақстанның Индустрия 4.0, оның ішінде ме­дицина саласы элементтерін енгізуге кіріскенін айтты. – Президенттің бастамасымен 2008 жылы негізі қаланған Ұлттық нейрохирургия орталығы денсаулық сақтау саласындағы инновациялық жетекші мекемелердің бірі болып саналады. Бүгінде ол Орталық Азиядағы көш бастау­шы клиниканың біріне айналды, – деді Г.Әбдіқалықова. Ұлттық нейрохирургия орталығында 10 жылдың ішінде 37 мыңнан астам адам ем қабылдады, 25 мыңнан аса ота жасалды, 66 нейрохирургиялық жаңа технология енгізілді. Оның базасында Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның жаңа салалары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эн­дос­копиялық және функционалдық нейрохирургия енгізілді. Кішіинвазиялық жұлын нейрохирургиясы, тамырлы және функционалды нейрохирургия, эндоскопиялық нейрохирургия сияқты саладағы басым бағыттарды дамытқан орталықтың ауыз толтыра айтатын жетістіктерінің бірі– нейрохирургиялық нозология­лар бойынша пациенттерді емдеу және нейрохирургиялық патология салдарынан мүге­дек­тікке ұшырауды азайту, адам өмірінің сапасын жақсартып, ғұмырын ұзарту болды. Сон­­дықтан да Астананың 20 жыл­­дығы мен «Ұлттық нейрохи­рургия орталығы» АҚ-тың 10 жылдығы аясында өтіп жатқан Халықаралық нейро­хи­рургиялық форумға жиналған еліміздің барлық өңірлерінен және 20-дан астам елден келген хирургтер бүгінгі таңда клиниканың нейрохирургия саласындағы медициналық ин­но­вация­лар­дың көшбасшысы, же­текші ғылыми және кли­ни­ка­лық орталық ретіндегі қызметіне ден қойды. Соңында Мемлекеттік хатшы форумға қатысушыларға шығармашылық табыс тілеп, Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған мерекелік салтанатты іс-шараларға қатысуға шақырды. Мұнан соң форумда Ден­сау­лық сақтау министрі Е.Бір­танов, Астана қала­сының әкімі Ә.Исекешев, Пар­ламент Мә­жілісінің депута­ты Н.Әбдіров мерекелер тоғы­сып жатқан жақсы күнмен нейро­хирургтерді құттықтады. Салтанатты шараның ен­ді­гі бір елең етерлік тұсы ғарыш­тан жеткен құттықтау болды. Ғарыштық экипаж мүше­лері Олег Артемьев пен Сергей Мотор ғарышкерлер мен ней­ро­хирургтердің мамандықтары бір-біріне ұсқайтынын, екеуі де жаратылыстың құпиясы мол әлемі – ми мен ғарышты зерт­тейтінін айта келіп, Астананың 20 жылдығымен және Ұлттық нейрохирургия орталығының 10 жылдығымен құттықтады және дәрігерлердің еңбектеріне толайым табыстар тіледі. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://egemen.kz/article/171448-ulttyq-neyrokhirurgiya-ortalyghyna-10-zhyl


тiзiмге қайтару