Нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне омыртқаның диск жарығын алып тастап, науқасты аяғына тұрғызу үшін бар болғаны 7 минут қажет болды

бейсенбі,  1  Октябрь  2020

Нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне омыртқаның диск жарығын алып тастап, науқасты аяғына тұрғызу үшін бар болғаны 7 минут қажет болды

   Қараөткел ауылдық округінің (Ильинка) 72 жастағы тұрғыны Амангелді Үсейінов Ұлттық нейрохирургия орталығына сол аяққа берілетін бел аймағындағы адам төзгісіз ауыруларға, сондай-ақ аяқтың ұюына және аяқты қозғалтудың шектелуіне байланысты шағыммен жүгінді.

  Орталықтың Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлері пациенттің МРТ суреттерін қарау нәтижелері бойынша бел омыртқасының дегенеративті-дистрофиялық өзгерістерін анықтады: төртінші және бесінші бел омыртқалары арасындағы дискінің сол жақ фораминальды жарығы.

   Бөлімше дәрігерлері омыртқалардың L4-L5 дискісінің жарығын эндоскопиялық – трансфораминалдық жолмен алып тастау бойынша операция жасады.

   Жұлын нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Талғат Керімбаевтың айтуынша, жарықты алып тастау операциясы жарықтың қол жетуі қиын жерде орналасқанына қарамастан, бар болғаны жеті минуттан астам уақытты алды. Бұл жағдайда дәрігерлер өте жылдам және жарақатсыз, ең бастысы тиімді емдеу әдісін таңдады. Әдетте, мұндай оқшауланған жарықтар кезінде кейіннен аталған сегментті имплантты бекіту жолымен омыртқа құрылымының бөлігін алып тастайтын жарақаттаушы әдіс қолданылады.

  Омыртқа және жұлын ауруларын емдеудің осындай заманауи, жоғары технологиялық, кіші инвазиялы әдістерін қолдану операция уақытын қысқартуға және емдеу нәтижелерін жақсартуға, сондай-ақ пациенттерді операциялық араласудан кейін ерте мерзімде аяққа тұрғызуға және оларды күнделікті өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді.

  Операция жергілікті анестезиямен, науқастың есін толық сақтай отырып жасалды, бұл операция аяқтала сала пациенттің өз аяғына тұрып жүріп кетуіне мүмкіндік берді. Айта кетерлік жайт, науқасты алаңдататын барлық белгілер толығымен жойылды.

  «Жұлын нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлеріне, мейіргерлеріне жүрекжарды алғыстан басқа айтарым жоқ, сауығып келе жатқаныма қуанышым шексіз! Осы Орталыққа келгенде өз аяғыммен жүре алмадым, балаларым мені мүгедектер арбасымен алып келді. Жиырма күннен астам уақыт жүре алмау былай тұрсын, тіпті ешқандай қозғалыс жасай алмай қалдым. Қазір мен ақырындап жүре бастадым, жақында үйдегі шаруаларыммен де айналыса бастаймын деп ойлаймын. Барлығына шын көңілден үлкен рахмет!»- деп, бөлісті науқас Үсейінов Амангелді.


тiзiмге қайтару