Ұлттық нейрохирургия орталығында жүкті әйелдің миынан алып ісік алып тасталынды

жұма,  17  Июль  2020

       Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері жүктіліктің 27 аптасында болған әйелдің миындағы алып ісікті операция арқылы алып тастады. Пациент Жамбыл облысынан Нұр-Сұлтан қаласына санавиация ұшағымен жеткізілді.
      Бірнеше ай бұрын әйел тұрақты бас ауруы, жүрек айнуы мен құсу туралы шағыммен тұрғылықты мекен-жайы бойынша дәрігерлерге медициналық көмек сұрап жүгінді. Симптомдар жүкті әйелде токсикоздың көрінісі ретінде бағаланып, соның салдарынан әйелге дәрі-дәрмекпен емдеу тағайындалды.
         Көп ұзамай пациенттің денсаулығы нашарлай бастағаны байқалды. Соның нәтижесінде миға МРТ жасалынды, онда алып ісіктердің белгілері анықталды. Дәрігерлер жүкті әйелдің сол жағында есту нервісінің алып невриномасын анықтады.
       Одан әрі емдеу және бақылау мақсатында пациент Жамбыл облысының ҚКБА-на жатқызылды. «ҰНО» АҚ Медициналық директоры Талгат Турарович Пазылбеков және Орталық жүйке жүйесі патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Рыскелдиев Нуржан Амирбекович бастаған нейрохирургия орталығының дәрігерлерімен консилиум өткізілді. Пациенттің ауыр жағдайы және одан әрі асқынулардың жоғары тәуекелін ескере отырып, дәрігерлер нейрохирургия орталығына жедел емдеу жүргізу үшін әйелді санавиациямен шұғыл ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады.
        Жүкті әйелге нейромониторингті қолдана отырып, мишық-көпірлік бұрышының ісігін микрохирургиялық алып тастау бойынша шұғыл операция жасалды.
      Операция кезінде дәрігерлердің мультидисциплинарлық командасы жұмыс істеді, оның құрамында операция барысында бақылау жүргізген тәжірибелі анестезиологтар, нейрофизиологтар, трансфузиологтар болды. Сондай-ақ, операция ұрықтың жай-күйін және оның жүрек соғуын функционалдық бағалауды тұрақты жүргізу мақсатында ұрықтың КТГ бақылауымен жүргізілді. Оған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандары үлкен көмек көрсетті.
       Операцияны Орталық жүйке жүйесі патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Н.А. Рыскелдиев, екінші санатты нейрохирург дәрігер А.К.Курманахунов және екінші санатты нейрохирург Н.А.Сыгай жүргізді.
       Операция 4 сағатқа созылып, сәтті өтті. Бүгінде болашақ ана өзін жақсы сезінуде және оны палатаға ауыстырды. Бастың қатты ауруы мен бас айналуы өтті, барлық функционалдық және қозғалыс қабілеті сақталды. Мамандардың айтуынша, дер кезінде жүргізілген операция арқасында пациенттің өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Қазір ана мен баланың өміріне еш қауіп жоқ. Жүргізілген күрделі операцияға қарамастан, дәрігерлердің айтуынша, әйел жүктілігін қалыпты жағдайда жалғастыруда.


тiзiмге қайтару