Нейрохирургия орталығының қабырғасында резидентураны оқыту туралы

сәрсенбі,  5  Февраль  2020

       Ұлттық нейрохирургия орталығында 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі үшін бәсекеге қабілетті, жоғары мамандандырылған, заманауи кадрларды дайындау жүзеге асырылып келеді. Пациенттерді диагностикалау мен хирургиялық емдеудің жаңа және күрделі әдістерін үйрету, нейрохирургия мен неврология саласындағы медициналық соңғы жетістіктерді игеру, қазіргі заманғы аппаратуралар мен құрал-жабдықтарды меңгеруге көп көңіл бөлінеді.
       Бүгінгі күні Нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургиясы» және «Невропатология, оның ішінде балалар невропатологиясы» мамандықтары бойынша 41 резидент оқытылды.
       «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша 2019 жылы резидентураны аяқтаған түлектердің бірі, қазір №2 қалалық ауруханада жұмыс істейтін Жандос Туйгунов Нейрохирургия орталығының қабырғасында резидентураны оқыту бойынша өз пікірімен қуана - қуана бөлісті.
        «Мен үшін резидентураның 4 жылы көзді ашып жұмғанша тез-ақ өте шықты. Біз, резиденттер Орталықтың емдеу, ғылыми және қоғамдық өміріне толығымен жұмылдырылдық, бұл өз кезегінде біз үшін өте қызықты да пайдалы болды.
Нейрохирургия орталығы еліміздің нейрохирургия саласындағы көшбасшысы саналады. Барлық күрделі, сирек кездесетін клиникалық жағдайлар, ғылыми жұмыстар, халықаралық форумдар мен конференциялар осы Орталық қабырғасында өткізіледі. Жас нейрохирург үшін бұл баға жетпес тәжірибе, сонымен қатар әлемдік жетекші ғалымдар және нейрохирургтармен байланыс орнатуға, олармен бірге операция жасау, оларға ассистент болу, тәжірибе алмасу мен олардан жаңа білім алуға таптырмас бірден бір мүмкіндік. Резиденттердің Орталықтағы өзіндік орны бар, игі істердің бірі - жас нейрохирургтардың шетелдік ғылыми конференцияларға қатысуы. Осылайша, Орталықта алған білім мен тәжірибемізді ұсыну мен бөлісуге мүмкіндік аламыз.
Бұл жерде дәрігерлер мен кафедра оқытушылары әрбір резидентке жете көңіл бөледі, резиденттердің әлеуетін ашуға күш жігер салады. Мысалы, ғылыммен айналысқысы келетіндерге бұл жерде үлкен перспективалар бар, сонымен қатар әркімнің нейрохирургияда өз бағытын таңдау мүмкіндігі бар, атап айтсақ бұл жұлын нейрохирургиясы, балалар немесе қантамырлы нейрохирургия болуы мүмкін. Осы спектрлердің барлығы бір бірінен өзгеше, өз таңдауыңды жасап, сол бағытты дамыту қажет.».
          Сонымен қатар, өз пікірімен 2 курс студенті Нұртай Нұрақайда бөлісті, ол Нейрохирургия орталығындағы резиденттік өмірі туралы әңгімелеп берді.
       «Қарағанды медициналық университетін аяқтағаннан кейін, мен нейрохирургия мамандығы бойынша резидентураға түсуге шешім қабылдадым. Таңдауымның дұрыстығына, қателеспегеніме өте қуаныштымын. Маған Орталық қызметінің ұйымдастырылу деңгейі, оның материалдық-техникалық жарақтандырылуы, кәсіби кадрлық құрамы ұнайды, яғни бұл жерде толыққанды білім алуға, кәсіби дағды-машықтарды үйренуге, қазіргі заманғы медицинада қолданылатын жаңа технологиялармен танысуға барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Орталықта нейрохирургия саласындағы пайдалы әдебиетке бай үлкен кітапхана бар, кітапхана көмегімен өз біліміңді арттыруға және алынған тәжірбиені ұштауға мүмкіндік зор. Дене қалыпын, салауатты өмір салтын ұстануда жаттығу залының да тигізер пайдасы мол. Бұдан өзге, Орталықта білім алудың тағы бір айта кетерлік жағымды тұсы- резиденттерді тұрғын жаймен қамтамасыз ету, бір сөзбен айтқанда Орталықта оқу мен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған.».

тiзiмге қайтару