Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің кішкентай пациенттерін келе жатқан Жаңа жылмен «BRAINfit» балаларды дамыту орталығының ұжымы құттықтады
дүйсенбі, 30 Декабрь 2024
Бүгін Ұлттық нейрохирургия орталығының Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің кішкентай пациенттерін келе жатқан Жаңа жылмен «BRAINfit» балаларды дамыту орталығының ұжымы құттықтады. Мерекелік анимациялық бағдарлама аясында балалар мен олардың ата-аналарын ертегі әлемінің жарқын кейіпкерлері - Куроми қуыршағы, Аяз Ата мен Ақшақар, сондай-ақ сүйікті Лунтик күтіп алды.
Жас көрермендер қызықты қойылымдардан шаттанып, көңілді ойындарға қатысып, нағыз сиқыр атмосферасына еніп кетті. Балалардың қуанышты күлкілері мен көтеріңкі көңіл-күйі осы сәттің сәніне айналды.
Сонымен қатар, әрбір кішкентай пациент Ұлттық Банктің Астана қаласы филиалының ұжымы мен «BRAINfit» балаларды дамыту орталығының аса ризашылықпен, үлкен сүйіспеншілікпен дайындаған тәтті сыйлықтарын алды.
Ұлттық нейрохирургия орталығы бүгінгі ертеңгіліктің барлық қатысушыларына шын жүректен алғыс білдіреді. Біздің балаларымыз үшін осындай игі және мағыналы іс-шараларды ұйымдастыруға бірнеше жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқан «Дар» қоғамдық қорына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға денсаулық, бақыт, амандық және алдағы жылы жаңа жетістіктер тілейміз!