Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері жүкті әйелдің басындағы кез-келген уақытта жарылуы мүмкін аневризманы алып тастады

жұма,  5  Апрель  2024

  Осы жылдың ақпан айынан бастап Алматы қаласының 24 жастағы тұрғынын бас ауруы мазалай  бастады. Бір айдан кейін көру қабілеті нашарлап, оң қабақтың төмен түсуі байқалды. Осыған байланысты ол медициналық көмек алу үшін офтальмолог пен неврологқа жүгінді.

  Бас ауруы күшейе бастаған соң мидың МРТ сканерлеуінен өту ұсынылды. МРТ-да  мидың оң жақтамалық артқы артериясының үлкен аневризмасы табылды, ол өзінің ұлғаюымен іргелес жүйке құрылымдарының қысылуына әкеліп соқтырды және кез-келген уақытта жарылып кету қаупін тудырды. Бұл ретте, жағдайдың күрделілігі 20 апталық жүктілік аясында нейрохирургиялық операцияны жасау  туралы мәселені шұғыл түрде шешу қажет болды.

   Алматы және Астана қалаларының нейрохирургтарының бірлескен талқылауынан кейін санитариялық авиация желісі бойынша пациент одан әрі жедел емдеу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді.

   Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызу кезінде науқасты Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының анестезиологтары мен акушер-гинекологтары да тексеруге дайын болды. Операциялық араласудың және  аталған аурудың қауіптілігіне қарамастан операция жасау және жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылданды

   Үлкен қуанышқа орай, операция сәтті өтті, сәт сайын жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтар жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екендігін айтуда. Науқасты емдеуге анестезиолог-реаниматологтар мен акушер-гинекологтар да белсенді қатысты.

  Операциядан кейін, науқасты қосымша зерттеулер жүргізген акушер-гинекологтар қайта қарап, тексеруден өткізді.  Жатырдағы ұрық жағдайында  және жүктілік барысында ешқандай патологиялар анықталған жоқ. Қазір болашақ ананың денсаулық жағдайы жақсы және босануға дайындалуда.

   Дұрысында, ми тамырларының аневризмасына операция жасау мамандардың жоғары біліктілігін және заманауи медициналық жабдықты қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі болып саналады. Операция науқасқа тегін, яғни МӘМС шеңберінде квота бойынша жүргізілді. Айта кетсек, мұндай операция шетелдік азаматтар үшін ақылы негізде шамамен 5 млн.теңгені құрайтын еді. Бұл операцияны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов және нейрохирург дәрігер Нұртай Нұрақай жүргізді.

   Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері мұндай күрделі жағдайлар кезінде, қазіргі таңда ананы немесе баланы, қайсысының өмірін сақтап қалу керек деген сұрақ туындамайтындығын атап өтті. Нейрохирургия мен анестезиологиядағы заманауи мүмкіндіктер екі өмірді де сақтауға мүмкіндік береді.

  Атап өтсек, бұл - Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері операция жасап, жүктілік кезінде пациенттердің өмірін сақтап қалған бірінші жағдай емес.


тiзiмге қайтару