дүйсенбі, 14 қараша 2022
Ұлттық нейрохирургия орталығына Алматы облысының Балқаш ауданынан келген 11 жасар баланың ата-анасы медициналық көмекке жүгінді.
Осы жылдың шілде айында Алматы облысының дәрігерлері баланы МРТ зерттеудің нәтижесінде мидың пинеальды аймағының көлемді ісігін анықтады. Алматы облысының дәрігерлері Ұлттық нейрохирургия орталығында жедел ем жүргізуді ұсынды. Мидың ісігі күрделі жерде орналасқандықтан заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтармен жоғары технологиялық медициналық көмек қажет болды.
Баланың клиникалық жағдайы академик Серік Ақшолақовтың қатысуымен Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлерінің консилиумында талқыланды.
Пинеальды аймақтың көлемді ісігіне байланысты ең жоғары қауіп болды. Алайда дәрігерлер тапсырманы орындап, сәтті операция жасады.
«Бұл ісік балаларда сирек кездеседі және барлық бассүйекішілік ісіктердің 3%-дан 8%-на дейін құрайды және күрделі жерде орналасуын білдіреді. Баланы операцияға «отырған» күйінде алды. Бізге ісікке қауіпсіз жақындау және оны барынша алып тастау маңызды болды. Ісіктің көлемі 4,3*4,8 см-ге жетті, әрине, мұндай операция техникалық тұрғыдан тек күрделі ғана емес, сонымен қатар заманауи жабдықтарды қолдануды қажет етеді. Бұл жағдайда операциялық өрістің көрінуін арттыруға мүмкіндік беретін, операциялық хирургтың дәл жұмысын қамтамасыз ететін бірнеше есе үлкейтетін микроскоп, сонымен қатар нерв жүйесінің әртүрлі бөліктерін және оның өтетін жолдарын бақылауға мүмкіндік беретін нейромониторинг аппараты қолданылды. Осылайша неврологиялық асқынулардың ықтималдығы төмендейді. Ісік толығымен алып тасталды. Бала бүгінде палатада, анасының қасында», - деп атап өтті Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбай.
Операция МӘМС аясында квота бойынша жасалды. Ол 4 сағатқа созылды, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер операция жасады. Олар – ҚР ҰҒА академигі, профессор Серік Қуандықұлы Ақшолақов, Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Ілиясұлы Өлеңбай, нейрохирург дәрігер Дмитрий Андреевич Сурдин, сондай-ақ анестезиолог реаниматолог дәрігер Айгүл Қайырқызы Жанделдинова және операциялық мейіргер Әсем Қадырханова.
Анасының айтуы бойынша, ұлы жасына сәйкес өсіп, дамыды, денсаулығына шағымдары болмаған. Тек соңғы бірнеше айда өзгерістер болып, бала жиі құсып, өзін нашар сезіне бастаған.
«Біз жаңа оқу жылына дайындалып, ұлымызбен бірге оқу құралдарын сатып алуға шыққанбыз. Ұлымның жағдайы нашарлап құса бастады. Қасымда болған құрбым шұғыл түрде дәрігерге баруымыз керек деді. Мен бәрі жақсы болар деп үміттендім, жамандыққа жорығым келмеді. Бірақ дәрігерлер МРТ-суретте мидағы үлкен ісікті тапты. Дәрігерлер операция жасау керек деді. Мен келістім, бірақ қатты уайымдадым. Ұлым үйдің кенжесі болған соң ба, оған деген сезімім мен махаббатым басқа балаларыма қарағанда ерекше. Мен бәрі жақсы болатынына сенемін. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне және біздің облыстық дәрігерлерге алғысым шексіз. Дәрігерлерге зор денсаулық тілеймін. Барлығына үлкен рахмет!» - деп науқастың анасы бөлісті.
Айта кетсек, 2022 жылдың қаңтар айынан қазан айына дейін Ұлттық нейрохирургия орталығының Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері 400-ден астам нейрохирургиялық операция жүргізді, оның ішінде 119 ісікті алып тастау бойынша жасалған операциялар. 2021 жылы Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінде 540 бала нейрохирургиялық көмек алды.