Қабылдауға жазылу:
      +7 (7172) 62-11-00
  +7 (701) 062-11-00

       (тек WhatsApp арқылы 08:00-17:00)




ҰЛТТЫҚ НЕЙРОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ

Сәулелі емнің септігі

Сәулелі емнің септігі

бейсенбі,  19  тамыз  2021

   Сәт сайын өзгеріске ұшырап жатқан мына дүниеде ғылымның сан саласы дамып жатыр десек, оның медицинадағы қарқыны тіпті қарышты. Кеше мүмкін еместің көбі атқарылып, онкоаурулардың өзі бүгінгі медицина тегеурініне шыдас бермеуде. Елордада медициналық кластер сол жағалаудан орын тапқалы шетел асып ем іздейтіндер қатары біршама азайды. Бір ғана Ұлттық нейрохирургия орталығының арқасында осы салада бұрын қарастырылмай келген көптеген жаңа бағыт дамыды. Бүгінде бұл орталықта сәулелі ем – гамма-пышақпен емдеу сәтті жүзеге асырылып жатыр.

   Медицинадағы озық емнің елордада іске асуы

   Өмірді арманшыл, мақсатты жан­дар алға сүйреп отырады. Қазақ­стан­ның Еңбек ері, Ұлттық нейрохирур­гия ор­­талығының президенті Серік Ақ­шолақов – сондай жанның қатары­нан. Әр кездескен сайын өз саласын ілгерілетуге деген бір арманын айтып қалатын Серік Қуандықұлының сәу­лелі емнің мықтысы – гамма-пышақты армандап, айтып жүргеніне біраз болған-ды.

   Жалпы, ашылғаннан бері бұрын елімізде жоқ 70-тен аса жаңа технология ендірілген орталықтың басшысы, науқастардың өмірін ұзартуда тынбай еңбектеніп жүрген үлкен орданың дем берушісі С.Ақшолақовқа «Көптен ойлаған мақсатқа жетіп, тағы бір арман іске асты. Гамма-пышақ емін күткен жандар үшін бұдан асқан қуаныш жоқ шығар?» дегенбіз әңгімеге тартып.

   «Рас айтасыз, орнатамыз деген мақсатпен алдымен мамандарымызды шетелдерде даярладық, Үкіметтің қаржы бөлуімен қымбат қондырғыны сатып алдық. Бәлкім, былтыр да ашар ма едік, оған пандемия кедергісін жасады. Бірақ шүкір, биыл жаз осы аппаратты күтіп жүрген жандармен бірге қуанып, гамма-пышақ бүгінгі таңда 83 адамды емдеуден өткізді. Қондырғы ТМД-да үш-ақ елде Ресей мен Беларусьта, сосын Орта Азияда ең алғашқы болып біздің орталықта ашылып отыр. Осының өзі мемлекеттің медицинаға қаншалықты мән беретінін айқындай түседі», деді дәрігер ағынан жарылып.

  С.Қуандықұлы айтса айтқандай, Орта Азия мен Ресейдің бізбен шек­тесетін аймақтары үшін ең жақын орналасқан, қаласа медициналық туризммен келіп емделе алатын аса тиімді гамма-пышақты көруге асықтық.

  Жалпы, бұл орталықта нейрохирургтер бастың ішіндегі қатпарлардың қойнауына тереңдеп, ондағы қан тамырларды да инвазивті, эндоваскуляр­лы емдеулер жолға қойылды. Жа­рам­­сыз омыртқаларды ауыстыратын 3D арқылы омыртқа жасалып, оны әр пациенттің ерекшелігіне ла­йық­тап шығару бүгінгі отандық ғалым­дармен бірлесе атқарылуы да – соның бір айғағы.



   Қазақ әнін тыңдап жатып ем алу да – бір бақыт

  Гамма-пышақ орналасқан бөлік­тегі алғашқы пациенттерді емге даярлау бөлмесінің есігін ашқанда, шырайлы жүзінде ерекше жылылығы жарасқан мейіргер Әлия Бекина егде тартып қалған апайға қазір не істелетінін тәп­тіш­теп түсіндіріп жатыр екен. Мұқият тыңдап отырған науқастың көңілі де қалыпты көрінді. «Сіз сәл демалып отыра тұрыңыз», деп пациентті жайғас­ты­рып болып, бізге мойнын бұрған.

  «Орталықта ашылған күннен бері істеймін. Ал бұл жұмысым өзіме керемет ұнайды, себебі командамыз мықты, бір отбасы мүшесі тәріздіміз. Алды­мен Мәскеудегі Бурденко атындағы институтта гамма-пышақпен қалай жұмыс істеуді үйренуге бардым. Осын­дай ға­жайып мүмкіндігі бар аппарат біздің Ұлттық орталықта болып, сонда па­циенттер емделеді-ау деген ой­дың өзінен көзім жанып, ерекше құл­шы­ныспен үйрендім. Өзімнің осы емге қатыстылығымды мақтан тұта­мын, бақытты сезінемін. Негізі меди­циналық мейіргер пациенттермен көп уақытын өткізеді ғой. Мұнда да солай сырқат жанды МРТ, КТ зерттеулерінен өткізгенде, барлық даярлау кезінде, одан күту бөлмесінде жанында болып, ем аларда жатқызып, басты қоз­ғалмайтындай бекітіп одан шыққан соң да жанында жүремін. Ем өте дыбыссыз, еш жері ауыртпай өтеді, сосын тіпті жайлы болсын деп музыка қойып қоямыз. Пациенттер қазақ ән­дерін тыңдағанды жақсы көретін бол­ғандықтан, небір әуезді әндер мен күй­лерді жинақтап қойдық. Емді сондай жанға жайлы етіп алудың өзі неге тұрады», дейді Ә.Бекина.


   «Алтын стандарт» деп текке аталмаған

   Нейрохирург Нұрзат Сығайдың айтуынша, бұл емді нейрохирургияда «Алтын стандарт» дейтін көрінеді. Себебі мұнда әрбір операциядан соң нейрохирургтер қорқатын түрлі асқынуларға орын жоқ. Екіншіден, әншейінде операцияға дайындықта пациенттің шашын алу қажет, таңертең тамақ ішпеуі керек дейтін болса, мұнда тіпті дәстүрлі хирургиядағыдай ауруды реабилитациядан өткізудің де қажеті жоқ. Таңғы асын ішіп алып, осын­да келіп емін алған соң-ақ үйіне барып, егер жұмыста жүрсе онысын жалғастыра береді.

  «Пациенттегі патология анық­талып, оның қатерлі ме, қатерсіз ісік пе екені айқындалған соң, соған сәйкес гамма сәуленің дозасын береміз. Егер ісік қатерлі болса, онда көбірек доза жіберіледі, өйткені қатерлі ісіктің әрі қарай өрістемеуінің жолын кесетіндей мөлшерде болмаса, емнің тиімділігі кемиді. Ең ұзақ ем 5,6 сағат жүрді, ал ең қысқасы 14 минуттың ішінде өтті. 5 жарым сағат ем жасағанда бір мезетте 16 ошаққа доза жібердік. Соның өзінде науқас ауру басатын дәріні бір рет қана ішті де, ертесіне үйіне кетті. Аурудың өзіне де жайлы, жалпы емдеуде де осындай артықшылықтары мол бол­ған­дықтан, бұл манипуляцияны «Нейро­хирургияның алтын стандарты» деп атайды», дейді Н.Сығайұлы.

  Гамма-пышақтың нейрохи­рур­гиядағы озық үлгінің бірі екеніне дау жоқ. Қазіргі уақытта мамандар баста ісік болған жағдайда бұ­рын­ғыдай радикалды, басты трепанация­лап, сүйекті ашып операция жасаудан гөрі қан шығармай, мидың ішіне үңі­ліп, ем жасайтын осы әдісті қолайлы са­най­ды. Кей жағдайда ісіктің ірі кө­ле­­мін дәстүрлі түрде алып тастап, ал те­рең­­де, өте қиында жатқандарын осы сәуле ар­қылы емдеудің тиімділігіне ден қоюда.

   «Пациенттерді бұл ем-шара үшін іріктеу қалай жүргізіледі?» деп сұрақ қойдық маманға.

   «Оның екі жолы бар. Алғашқысы, көзбе-көз консультацияда науқасты қарап, ауру тарихымен, зерттеу қорытын­дыларымен танысамыз. Егер гамма-пышақ көрсеткіші болса, оған атаулы бір күнге шақырту қағазын береміз. Ал екінші жол бойынша, егер пациент елордадан алыстағы, шалғай мекеннің тұрғыны болса, электронды пошта арқылы жібергендерін көріп, қашықтан онлайн кеңес беріп, қай уақытқа, қандай зерттеулермен келуі тиістігін айтып, шақырту жібереміз. Гамма-пышақтан ем алудың ерекшелігінің бірі, біз ауруда бірден қандай өзгеріс болғанын көре алмаймыз. Егер ісік қатерсіз болса, жазылғанын көруге бір жыл күтуге тура келеді, ал қатерлілерде тезірек байқалады. Сосын бір айта кетерлігі, сырқаттың бастан өзге сүт безі, өкпе обыры тәрізді ауруынан бас миға түйір­шіктер атқылап ісік ошақтары пай­да болса, онда олардың қатары көбей­меу үшін тезірек емге шақыруға тыры­самыз. Санына, көлеміне сәйкес қарап, тым көп болса емді бірнеше кезең­мен жүргіземіз. Алғашқысында он шақ­тысын, одан кейін тағы бір шоғы­рын емдейміз. Өткенде сондай екі-үш науқасты арасына үш апта салып қай­та­лап өткізгенде алдыңғы ісіктер­дің көле­мі­нің кішірейгенін көріп, қуаны­шымызда шек болмады», дейді нейрохирург.



   Жақсыдан қалған тұяқтың жақсылығы

  Әңгіменің басында мейірбике айтқандай, гамма-пышақпен жұмысты тұтас команда жүргізеді екен. Медици­на­лық физик Руслан Сәрсенов, нейрохирург Нұрзат Сығай, мейірбике Әлия Бекина әр пациент бойынша ат­қарылған іске баға беріп, қажет ке­зінде сындарлы ескертуін жасап, аса бір шығармашылықпен қоса үлкен жауапкершілік мойнына түскенін сезініп, бірлесе қимылдайды.

   «Өйткені біз Қазақстанда тұңғыш қолға алынған істің ең бастауында тұрмыз. Қазақ «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деп бекер айтпаған. Сондықтан өзімізден кейінгі жас буын өкілдерін осы жұмысқа тартып, үйретіп шығармақпыз. Әрі жақсылап жолға қойылса, жетістігіміз жалпыға жария етілсе, өзге елдерден келіп те емделеді. Ол біздің отандық медицинадағы туризмді дамытуға да қосатын үлесіміз болады», деген Нұрзат дәрігер бар қазаққа танымал, ел құрметтеген марқұм Әшірбек Сығайдың баласы екен.

   Оған «Бұл жолды қалай таңдады­ңыз?» дегенде: «Мәдениет саласында әкемнің жолы өте биік, ал ол жеткен шыңдарға жету – екіталай нәрсе. «Бала әкеден бір мысқал кем туады», дейді халқымыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бала кезімнен биология, анатомияға қызығушылығым көп болды. Және дәрігерліктің бір артықшылығы, адам­ға жасаған көмегіңнің әсері көз ал­дыңда өтеді. Ал саясаткерлер мен өнер саласындағылардың жаса­ған­дарының әсері қаншалықты болды, оны бағамдауға жылдардың өзі аз­дық ететіндей көрінеді. Әрине, оның пайдасы бар, алайда бір мезетте аңғара алмайсың, ал мұнда алған білі­мің­нің, жиған тәжірибеңнің, өз сау­сағыңмен істегеніңнің нәтижесін тез арада көресің. Көмегіңді жасап, кәсі­біңнің нәсібін көріп, марқаясың. Ней­р­охирургияны таңдауыма келсек, бұл ерекше сезімталдықпен астасқан, өте бір қиын да, нәзік сала. Адамның басы, оның миы өте күрделі, сондықтан осы қиын мамандықты таңдадым», дейді дәрігер.

   Жақсыдан қалған тұяқтың жақсы маман атанып, Отанда тұңғыш рет қолға алынған жақсы істің бастауында болуын біз де жақсылыққа жорыдық.


  автор Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ
  Материал "Егемен Қазақстан" сайтынан алынған https://egemen.kz/article/285767-sauleli-emninh-septigi
© egemen.kz

тiзiмге қайтару